Мен бір жолаушылап сапарда жүр екенмін, яғни жіберілген екенмін деймін. Тақсырымның маған деген алпыс динар алтынынан ауық-ауық белгілі мөлшерде ақша алып отыратынмын. Бірде берілген ақшаны алып, айқай-шулы, көңіл көтеретін қонақжайға келдім. Ол жерде бір түннің ішінде он динар алтынымды мақтанам деп, құмар ойындар мен көңіл көтерулерге жұмсадым. Таң ата қалтамды қарасам, түк ақша қалмапты. Ішім удай ашыды. Өйткені сауда жасай алмадым, баратын жер болса ұзақ, жолға да зат алу керек еді. Кеткен ақшаның орнына өкініштер, күнәлар мен көңіл көтеруден тапқан қайғы-мұңдар қалыпты. Кенет, осылай мұңайып тұрғанымда жаныма бір адам келді.
- Барыңнан айрылдың, жазаға тарса обалың жоқ. Баратын жеріңе тіленші болып құр алақан баратын болдың. Бірақ ақылың болса, тәуба есігі әрдайым ашық. Бұдан кейін берілетін он бес динар алтыныңды алған сайын жартысын ықтияттап сақта. Яғни баратын жеріңде қажетке жарайтын керекті заттарды ап, - деді маған. Бұл айтқаны нәпсіме ұнамады.
- Олай болса үштен бірін, - деді. Бұған да нәпсім көнбей қойды. Содан әлгі адам:
- Ендеше, төрттен бірін, - деп еді, нәпсім ескі әдетіне салып, қиқарлығын қоймады. Әлгі адамды ашу кернеп, сырт айналды. Кенет көрініс өзгеріп қоя берді. Мен бейбақ, туннель ішінде зымырай ұшқан отарбада екенмін. Мазасызданып, қобалжи бастадым. Бірақ амал нешік, қашатын жер жоқ.Таң қалатын жәйт, отарбаның әйнектерінен көздің жауын алатын әсем гүлдер мен жайқалған жеміс-жидектер көрінеді. Мен болсам ақылы таяз, оспадарсыздар сияқты көзім қызығып, қолымды созамын.