Әрi өмiр бойы болмашы аз ғана еркiмен‚ азғана қуатымен‚ қысқа ғана өмiрiмен‚ шамалы ғана тiршiлiгiмен‚ шектеулi шағын пiкiрiмен қыруар қайғы-қасiреттерге қарсы және сансыз армандарына жету үшiн босқа қақтығып-соқтығып жүредi. Сондай-ақ‚ сансыз армандары мен мақсаттарына жету үшiн нәтижесiз босқа жанталасады. Әрi өз басын алып жүре алмағанымен тұрмай‚ алып дүниенiң жүгiн әлсiз мойны мен сорлы басына жүктейдi. Тозаққа бармай тұрып тозақтың азабын дүниеде шегедi.
Рас‚ осы ауыр қайғы мен рухани үрейлi азапты сезбеу үшiн дiннен безгендер ауырған жердi жансыздандыру тәрiздес‚ ғафлет26 мастығымен уақытша ғана сезбейдi. Бiрақ уақыты келгенде‚ яғни қабiрге жақын қалғанда бiрден сезедi. Себебi: Жәнабы Хаққа шын мәнiнде құл болмаса‚ өзi-өзiне қожайынмын деп ойлайды. Алайда азғана еркiмен‚ болмашы ғана қуатымен мына алай-бұлай дүниеде өзiн сақтап жүре алмайды. Өмiрiне зиянды микробтан бастап‚ сонау зiлзалаға дейiн мыңдаған тобыр дұшпандары оның өмiрiне қауiп-қатер төндiруде деп бiледi. Аянышты қасiрет iшiнде мұңайып‚ әрдайым өзiне суық көрiнген қабiр есiгiне қарайды.