Ол Түркияның Битлис облысы, Хизан ауданының шағын ғана Нурс деген таулы аулында 1876-жылы дүниеге келген. Әкесi - Мырза, анасы - Нүрия ханым едi. Бәдиүззаман Саид Нұрси бала кезiнен-ақ аса зеректiгiмен, айрықша еске сақтау қабiлетiмен және тым ширақтығымен ерекшеленетiн. Ол белгiлi бiр мектепте оқымай-ақ шейхтерден, сол уақыттағы дiни ғұламалардан дәрiс алып, қысқа мерзiм iшiнде бiлiммен сусындады. Негiзгi бiлiмдi Доғубаязитте Шейх Жәлалиден, үш ай уақыт шамасында алып шықты. Ал, қалған бiлiмдерi оның өз бетiмен табандылықпен жинақтаған еңбектерiнiң жемiсi едi. Ол бiлiм алу үшiн ешқандай ұстаз iздемей-ақ, сол уақыттағы медреселерде пайдаланып жүрген, түсiнiлуi қиын, қандай-да болмасын кiтаптардың күн сайын екi жүздей бетiн түсiнiп, оқып шығатын. Осылайша тоқсан кiтапты жаттап алды. Бұл кiтаптар Ислам әлемiнде әйгiлi, атақты ғұламалардың кiтаптары едi. Жаттап алғандарын әр үш айда қайталап отыратын. Кейiн осы еске сақтап, жаттап алған кiтаптары туралы Бәдиүззаман Саид Нұрси былай дейтiн: “Құдайға шүкiр, бауырларым. Осы алған бiлiмiм арқылы Құранның ғарышына шықтым, яғни шын мағынасын, әрi тылсым құпиясын түсiнуiме көмектестi. Сол кезде Құранның әр бiр аятының бүкiл әлемдi қамтып тұрғанын көрдiм. Әрi қарай Құран мен үшiн бiлiмнiң қайнар-бұлағы болды да, басқалай бiлiм бұлағының қажетi болған емес.”